Семейде әскерилер Аяз атаға айналып, балаларға сыйлықтар үлестірді
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімі жаңа жыл қарсаңында балаларға базарлық жасады. Аталған бөлім көпбалалы әскери қызметшілердің отбасылары мен күтімді қажет ететін балалардың шаңырағына барып, оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Аяз ата мен Ақшақар балаларға тәттіге толы сыйлықтарын үлестірді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
- Мереке қарсаңында әр баланың өзін ерекше сезінуі және ертегіге сенуі өте маңызды. Біз үшін ең үлкен сыйлық — бақытты бала көздері және олардың қуанышқа толы шын күлкісі. Игі істер балалардың жүрегінде от жағып, жаңа жылдық сиқырдың бұл сәттері олардың жадында сақталады – дейді 5511 бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Берік Қуанышбаев.
Семейдегі әскери бөлім қайырымдылық іс-шараларын ұдайы өткізеді. Бөлім тарапынан келген құттықтау тілектері мен сыйлықтарға қарық болған көпбалалы отбасылар мен күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары әскери қызметшілерге өз ризашылығын білдіріп, Ұлттық ұлан қатарында жүріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.
- Ұлттық ұлан тарапынан таратылған таңғажайып сыйлықтарға алғысымыз шексіз. Балақайларға жасалған базарлық барша әулетімізді шаттыққа бөледі. Жаңа жылда – жақсы сөз айтып, бір-бірімізге ақ тілек ақтаратын мезгіл. Осы орайда баршаға жаңа бақыт тілеймін, – деді көпбалалы ана Айгүл Қасенова.
Адам ретінде қалыптасқан әрбір ересектің бұлжымас парызы – балаларды бақытты ету, оларға махаббат сыйлау деп санайды әскери қызметшілер. Сондықтан кейінгі буынға деген ізгі құрметті алдағы уақытта да жүзеге асырмақ.
Semeynews.kz