Абай облысында арнайы білім беру ұйымдары жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына барды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Олардың қатарында №4, №5, №6 арнайы мектеп-интернаты, Семей қаласындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтеріне мұқтаж балаларды қолдау орталығы», сондай-ақ Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы бар.
Орталықтарды аралау барысында балаларға тәттілер мен арнайы мекемелерге сыйлықтар табысталды. Мәселен, №4 арнайы мектеп-интернатқа музыкалық аппаратура, Семей қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтеріне мұқтаж балаларды қолдау орталығына екі теледидар, №5 арнайы мектеп-интернатқа үлкен Smart теледидар, №6 арнайы мектеп-интернатқа теннис үстелі жиынтығы, «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау» орталығына музыкалық аппаратура берілді.
Облыс әкімі балаларға көмек бір реттік емес, тұрақты қолдау түрде көрсетілетінін атап өтті.
«Бүгін мен арнайы ұйымдарда болып, олардың жағдайымен таныстым. Білім бөліміне барлық қажетті көмекті қамтитын тізім жасауды тапсырамын. Бұл келесі жылдың жоспарына енгізіледі. Біз балаларымыздың амандығын қамтамасыз етіп, қолдау көрсету үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Анықтама: облыста 23 арнаулы білім беру ұйымы бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны – 6488. (2218 – мектеп жасына дейінгі, 4270 – мектеп жасындағы балалар), мүгедектігі бар – 1816.
Semeynews.kz