ҚоғамМерекеСемейТОП

Семейде Абай облысы әкімінің шыршасы өтті

Дәстүрлі мерекелік шараға жалпы саны 150 бүлдіршін қатысты. Оның ішінде үздік оқушылар, зияткерлік және спорттық олимпиадалардың жеңімпаздары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен мүгедектігі бар балақайлар бар, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Балаларды құттықтаған Абай облысының білім басқармасы басшысы Нұржан Ахметқалиев біздің елімізде жас буынның алаңсыз өсуіне барлық жағдайдың жасалып жатқанын атап өтті.

“Құрметті жас достар, біз Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтағымыз келеді! Ең бастысы – денсаулық, сапалы білім және тәрбие. Осының бәрін іске асыру үшін біздің облыс барлық жағдайды жасайды. Баршаңызға зор денсаулық, жақсы баға, қойылған мақсаттар мен барлық тілектеріңіздің орындалуын тілейміз”, – деп құттықтады Нұржан Ахметқалиев.

Бүлдіршіндердің жаңажылдық кешінде оларға қойылған бір ғана талап болды. Жаңажылдық киім киіп, көтеріңкі көңілмен, ойнап-күліп қайту. Ол үшін ұйымдастырушылар барын салды. Жасыл шырша жанында көздің жауын алатын алуан түрлі кейіпкерлермен ойнаған балалардың жүздерінде бақытты балалық шақтың ыстық лебі сезілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қош келдің, Жаңа жыл» шарасының мақсаты – әр баланың мемлекеттен көрсетілетін қамқорлығын айқындау, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау.

Айта кету керек, жаңа жылдық мерекелік шара ертең, 25 желтоқсанда облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар 100 балаға арналған ертеңгілікпен жалғасады. Сонымен қатар, 29 желтоқсанда Астана қаласындағы “Астана Опера” театрында “Республика шеңберіндегі Жаңа жыл” Президенттік шыршасы өтеді, оған Абай облысынан 5 бүлдіршін қатыспақ.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button