Абай облысыҚоғамТОП

«AMANAT» фракциясының мүшелері «Жол картасы» бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады

Абай облысы мәслихаты жанындағы «AMANAT» фракциясының отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен фракция мүшелері қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz. 

Жиында партияның 2023-2027 жылдарға дейінгі өңірлік сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған Жол картасының көрсеткіштері талқыланды.

Жол картасы 157 іс-шараны қамтиды, оның 80-і аяқталды және 19-ы жүзеге асырылу үстінде. Жол картасында экономикалық белсенділікті арттыру шараларына басымдық берілген.

Биыл ауылдағы шаруалар үшін лизингке 446 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында биыл 425 шағын несие беріліп, ауыл тұрғындарына жер телімдері бөлінді. «Жер Аманаты» жобасы шеңберінде 403,0 мың гектарды құрайтын 353 учаске анықталды. Мемлекет меншігіне 253,6 мың гектар болатын 339 учаске қайтарылды.

«Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытында жұмыс жалғасып жатыр. Жыл басынан субсидияланатын жұмыс орындарына 6350 адам жұмысқа орналасты, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 314 жұмыссыз жіберілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 204 мемлекеттік грант берілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 22 мемлекеттік грант берілді. Жыл басынан бері 25,3 мың жұмыс орны құрылды, оның 18 мыңы тұрақты», – деді Нұрлан Ұранхаев.

Мектептерде оқушы орны тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 орындық 11 мектеп салу жоспарланған, оның 5-і биыл салынып жатыр. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен 2025 жылға дейін облыста 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады, оның ішінде Семей қаласында 5 медициналық нысан салу көзделген.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын (3811 пәтер) 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында 102,7% өсіммен 349,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады. 2 443 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Бұл бағытта жұмыс белсенді түрде жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Жиын барысында облыс әкімі жобаларды тиімді жүзеге асыруға дайын екенін айтып, өңірді дамытуда барлық депутаттардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button