Абай облысыБілімҚоғамТОП

Абай облысының оқушысы аспалы көпірді баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы жарықтандыруды ұсынады

Семей қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 6-сынып оқушысы Мұқан Әлихан арзан, баламалы, экологияға нұқсан келтірмейтін энергия көзін пайдалану арқылы энергияны үнемдеуді ұсынып отыр, – деп хабарлайды Semeynews.kz облыстың білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаладағы аспалы көпірді баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы шығынсыз жарықтандыру құрылғысын Arduino бағдарламасында жасаған. Жобада қолданылатын жабдықтар Arduino Uno контроллер ATmega328 платформасында салынған. Платформада 14 сандық кіріс/шығыс, 16 МГц кварц генераторы, USB қосқышы, күш қосқышы, ICSP қосқышы және қайта жүктеу түймесі бар. Жел қондырғысын орнату үшін тұтынатын энергияның мөлшерін есептеп, орташа соғатын желдің жылдамдығын анықтаған, жел қондырғысын орнататын жерді таңдаған. 

«Қаламыздағы аспалы көпірдің жоғарғы жағына жел қондырғысын, ең биігіне күн панельдерін орнатса деген қызығушылық пайда болды. Көпірдің макетін дайындаған соң, желқондырғысының, күн сәулесінің «күн панелдері» арқылы электр энергиясын алуға арналған жұмыс жасап тұрған қондырғы макетін жасадық. Нәтижесінде біздің макеттегі аспалы көпіріміз толықтай электр жарығымен жарықтанады»,-дейді Әлихан.

Жел қондырғысының «макеттік үлгісі» ретінде компьютердің желдеткіштерін (куллерларын) пайдаланған. Қалақшалары айналғанда, энергия өндіреді, ал үлкен күн панельдерінің орнына кішірек күн панелін қолданған.

Зерттеу нәтижелері бойынша әр жел қондырғы 3 вольттан тоқ берді, оны вольтметрге қосу арқылы куллерді үйде қолданатын фенмен үрлеп көрген. Аспалы көпір маңындағы желдің жылдамдығынан да анықтап, сынама жсаған. Екі жел қондырғысы 6 вольт шығарған. Ол аккумуляторларды тоқ көзімен қуаттап, көпірді автоматты түрде Arduino роботтық жиынтық  құрылғысымен жарықтандыруын қамтамасыз етеді. Негізгі платаға 220В-тан 12В-қа түрлендіргіш жалғанады. Қуат блогы тұйықталу мен асқын кернеуден сақтайды. Тұйықталу орын алмас үшін алдын ала шаралар қарастырған жөн.

Мұндай құрылғы болашақта ауа райына байланысты, көшедегі әрбір шамды алыс қашықта басқара алады. Бұл электр энергиясын тұтыну, қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай төмендетуге, жарықтандыруды неғұрлым тиімді етуге мүмкіндік береді. 

Оқушы күн панелімен зерттеу жұмысы барысында тәжірибені көпір айналасында жасап, сынап көрген. Ауа райының бұлтты болуына қарамастан күн панелін іске қоса алған.  Күн панелін вольтметрге қосып, күн жоқ кезде вольтметр өлшемі 0 вольт көрсетті, күннің көзі түскенде 7 вольтты көрсетті. Бұл макеттің аккумуляторын жарықтандыруға және де Arduino құрылғысының дұрыс жұмыс жасауын қаматамасыз етті.

Қазір оқушы жел жоқ күні жел қондырғысына  магниттер орнату арқылы электр энергиясын алу жолдарын қарастырып жүр.

Жетекшісі: информатика пәні мұғалімі Мердемгалиев Айдар Толеугалиевич.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button