Абай облысыҚоғамТОП

Абай облысында WorldSkills чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Семейде «Евроскиллс 2023» кәсіби шеберлік халықаралық чемпионатының және «WorldSkillsKazakhstan-2023» республикалық чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков, колледж студенттері, сарапшылар, директорлар мен өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасарлар қатысты.

Биылғы жылы «WorldSkillsKazakhstan-2023» республикалық чемпионатында 30 құзыреттілік бойынша 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған Абай облысының командасы командалық есепте көш бастады. 545 колледж студенттері мен 510 сарапшы қатысты. Сондай-ақ қазақстандық студенттер EuroSkills Gdansk турнирінде екі медаль мен төрт «Үздік медаль» жеңіп алып, ең жақсы нәтиже көрсетті.

«Жасампаз мемлекетіміздің алға қойған басты бағытының бірі – өздеріңіздей білікті де, білімді мамандарды қолдау. Келесі жылы Қазақстанның абыройын асқақтатып, Францияда өтетін әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, беделін арттыруға үлес қосасыздар. Бүгінгі медальдар – облыс педагогтері еңбегінің жемісі. Атқарылған жұмыс пен жеткен жеңістеріңіз үшін алғыс білдіремін.  Сіздер қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі кәсіби мамансыздар, бүгінгі марапаттарыңыз соның дәлелі», – деді Шалқар Байбеков өз сөзінде.

Студенттер чемпионаттан алған әсерлерін білдіріп, осы саланы дамытуға бағытталған идеялар мен бастамаларды ұсынды. Олардың айтуынша, чемпионатқа дайындық жеңіске жетуде шешуші рөл атқарады, сондықтан команда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салды.

Шара аясында «Евроскиллс 2023» халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының және «WorldSkillsKazakhstan 2023» республикалық чемпионатының жеңімпаздары Абай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және сыйлықтармен марапатталды. Жиналғандар үшін домбыра оркестрі, Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі студенттерінің жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button