Абай облысыМәдениет

Абай облысында халықаралық байқаудың Гала концерті өтті

Әлемді әнмен тербеткен ұлы дала дүлдүлі Әміре Қашаубаевтың туғанына 135 жыл толуына орай «Жалғыз арша» дәстүрлі әншілердің халықаралық байқауының қорытынды Гала концерті өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Өнердің парқын терең білетін әділқазы тарапынан жоғары баға алған қатысушылар Әміре әндерін тамылжыта шырқады.

Абай театрында өткен шараға Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков қатысып, халықаралық байқауда қазылық жасаған азаматтар мен байқау қатысушыларына Абай елі атынан алғыс білдірді.

Байқаудың қорытындысы бойынша гран-приді Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Сатыбалды Мағжан, І орынды Астана қаласы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Серікхан Айбат, ІІ орынды Алматы қаласы Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының студенті Срайл Аида, Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консервоториясының студенті Сәулет Аманғазин, ІІІ орынды Павлодар облысы Екібастұз қаласы Естай атындағы балалар музыка мектебінің әнші ұстазы Шунан Жайдар, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Абдрахманов Нариман, Астана қаласы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт ұйымының әншісі Айтахметов Біржан иеленсе, Жуасбеков Нұрдәулет, Бәзілжанов Біржан, Тәжиев Жасұлан, Саниязбекұлы Айдос дипломант атанды.

Қазақтың «Үш дос», «Қызыл бидай», «Жалғыз арша» сияқты классикалық әндері Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тауып келеді.

Бүгін өткен дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы бағы мен бабын сынайтын ең жоғарғы деңгейдегі ән додасы болды.

Шара соңында Абай елінің атынан қазылар алқасының иықтарына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button