Абай облысыҚоғамТОП

ЗАҢ БАРШАҒА ОРТАҚ

Семей қаласы гарнизондық офицерлер үйінде отбасылық зорлық – зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша жиын өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Басқосуға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері қолбасшысының орынбасары полковник Дархан Ажибаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанова, сондай-ақ әскери бөлімдер мен мектеп психологтары, учаскелік полиция инспекторы және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы мен әскери қызметшілердің отбасылары қатысты.

Алғаш болып сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері қолбасшысының орынбасары Дархан Ажибаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу өзекті мәселеге айналғанын және оның қоғамға кері әсерімен бөлісті. Сондай-ақ, ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен бірлесе жұмыс жасаған бірқатар азаматтарды марапаттады.

  • Әскери қызметшілердің отбасыларында моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуда, олардың рухани адамгершіліктерін мәдени тұрмыстық жағдайын арттыруда көрсеткен қомақты қызметі және қосқан үлесі үшін Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Жанарбек Мандиевке, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрғиса Бектасовқа және №49 жалпы орта білім беретін мектебінің психологы Диана Рысбаеваға алғыс білдіреміз, – деді Дархан Саттарұлы.

Келесіде сөз алған Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жанарбек Мандиев, осындай басқосулар әскери қызметшілер мен олардың отбасыларымен жиі өткізіліп тұратынын атап өтті.

  • Отбасылық кикілжің әр отбасында болып тұруы мүмкін. Дегенмен, отбасылық зорлық – зомбылықтың орын алған ауыр түрін соңғы кезде қоғамда жиі естіп жүрсіздер. Осы мәселеге байланысты елімізде заң қатайтып отыр. Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 және 461 баптары бойынша заң қатайтылды. Заң 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап өз күшіне енді. Сонымен қатар бұрын шағым жәбірленушінің арызы негізінде қарастырылатын болса, қазір арыз болсын болмасын іс әкімшілік сотқа жолданады. Яғни, 102 каналына отбасылық жанжал туралы шағырту келіп түскен жағдайда, іс бірден мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданады. Ары қарай сот шешім шығарады, – дейді Жанарбек Мандиев.

Кездесуде балалардың құқығын қорғау, зорлық – зомбылыққа, қатігездікке жол бермеу, кәмелетке толмағандардың және олардың қоғамға жат әрекеттердің, діни радикализмге және деструктивті ағымдарға тарту, буллинг, әлеуметтік желілерде заңды бұзуды көздейтін басқа да әрекеттердің алдын алу шаралары талқыланды. Кездесу соңында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button