Биыл ШҚО халқына медициналық көмек көрсетуге 124,8 млрд.теңге қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі – 75,8 млрд. теңге, МӘМС – 48,9 млрд. теңгені құрайды. Бұл жөнінде онлайн-брифингте әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Ғалымжан Әбілов мәлімдеді.
1 сәуірге қор 119,5 млрд. теңге сомасына 109 жеткізушімен халыққа медициналық қызмет көрсету үшін шарттар жасады.
Брифингте атап өтілгендей, биыл қазақстандықтар үшін амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек қолжетімді болады. Ауылдық денсаулық сақтауды, скринингтік бағдарламаларды, мейірбикелік көмекті, патронаждық қызметті қолдау көзделген. Қаржыландырудың көп бөлігі балалар денсаулығын сақтауға бағытталады.
– Қаржыландырудың негізгі сомасы COVID-19 індетімен күрескен медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы төлеуге көзделген. Қаңтар айында 5 346 медицина қызметкері 929,8 млн.теңге сомасында үстемеақы алса, ал ақпан айында 7115 қызметкер 695,9 млн. теңге шамасында үстемеақы алды. Наурыз айында төлемдер сомасы 4394 қызметкерге 600,1 млн теңгені құрайды, – деп хабарлады Ғалымжан Әбілов.
Сонымен қатар, қор пациенттердің құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Қордың ресми кері байланыс арналары арқылы-1406 байланыс орталығы, “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы, Қордың сайты
www.fms.kz.
Telegram-дағы Saqtandyrybot, Денсаулық сақтау министрінің блогы және денсаулық сақтау министрлігінің сайты 1 тоқсанда 10 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 154-і облыс тұрғындарынан түскен шағым.
– Медициналық көмек көрсетуден бас тарту (7,8%), көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы (72,1%), дәрілік препараттармен қамтамасыз етуден бас тарту (0,7%) мәселелері жоғарғы шағымдардың негізін құрайды, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры.