Абай облысыҚоғамТОП

Абай облысында облыстық әйелдер форумы өтті

Абай облысында елдің қоғамдық және әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдің рөлі талқыланды. Ауқымды форум Абай облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Бесқарағай ауданында өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Қазіргі таңда облыс бойынша әйелдер қауымы барлық салада еңбек етуде. Бүгінгі форумда олардың аттары аталып, өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан, өз саласында жетістікке жеткен бір топ нәзік жандыларға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың алғыс хаттары табысталды.

Шараға арнайы Абай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А. Жемагулов, Абай облысы мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Р. Молдашева және «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы С. Ысқақов пен Абай облысының  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары А. Нұрлыбек қатысты.

«Бүгінгі форумның баршамыз үшін маңызы зор. Өйткені, аяулы аруларымыздың жетістіктері бүкіл халықтың мерейі. Бүгінде еліміздің қыз келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Бірнеше жыл ішінде еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлі тұрақты түрде артып келеді. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуда әйелдердің рөлі ерекше. Жалпы әйелдердің барлық салада қызмет етіп жатқаны көңіл қуантады»,- деді Абай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов.

Биыл облысымызда алғаш рет өткізілген форумға батыр аналар, аудандардың әр саласында қызмет етіп жүрген әйел-аналар, мемлекеттік қызметкерлер, ҮЕҰ өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумда спикерлердің тақырып аясында баяндамалары тыңдалды. «AMANAT» партиясының әйелдерді қолдау шаралары, әйелдерді жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы, ауылдық елді-мекендерді дамытуда әйелдердің рөлі туралы мамандар ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Форумға қатысушылар бірнеше алаңға бөлініп арнайы шақырылған қонақтардың өзін-өзі дамыту, кәсіп ашу, денсаулықты күту және басқа да бағыттар бойынша тренингке қатысты.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button