Абай облысының Бородулиха ауданында ауқымды шаралар жүзеге асырылды
Бородулиха ауданында биылғы жылы жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын қоспәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталып, 10 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
10 отбасыға берілген үйлер 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфраструктураны дамыту тұжырымдамасы шеңберінде салынып, 115 млн 209 мың теңгеге сатылып алынған. Әйтседе аудан бойынша бүгінгі таңда 5 санат бойынша 486 адам тұрғын үйге кезекте тұр.
– Ауданда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бородулиха ауылындағы Абай, Борков және Қазақстан көшелерінде электрмен жабдықтау, көшені жарықтандыру, сондай-ақ су құбырын тарту және кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы 3184,8 м су құбыры тартылды, 2336 м кәріз жүйесі жасалды. Сондай-ақ осы көшелерде электр жарығын, көше жарығын орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Инженерлік-коммуникациялық инфраструктураны салуға барлығы 115 млн 468 мың теңге жұмсалды,- деді Бородулиха ауданының әкімі.
Ауданда жыл басынан бері автомобиль жолдарын жөндеу бағытында көптеген жұмыстар атқарылған. Соның ішінде 1 млрд 61 мың теңгеге Буркотово ауылына кіре беріс 23 шақырым жол жөнделген.
– Жезкент кентінде Сахаров көшесінің бойындағы жүріс бөлігі мен тратуарларды орташа жөндеу 820 метрге жүргізілді. 450 шаршы метр жаяу жүргінші жолына асфальт төселді. Михайличенково ауылында 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге, Дмитриевка ауылында 2,4 шақырым 2 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Аудандық маңызы бар 337 км автомобиль жолдарын күтіп ұстауға ауылдық округ әкімдіктеріне 95 млн 457 мың теңге бөлініп, игерілді, – деді Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев.
2023 жылға «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 258 млн 736 мың теңге бөлініп, көше жолдары да қайта жөндеуден өткен. Елді мекендерде көше шамдарын орнату бойынша жұмыстар биыл да жалғасып 8 ауылда 77 млн 585 мың теңгеге 408 шам орнатылған.
Сумен жабдықтау объектілерін салу бойынша жұмыстар қарқынды. Новошульба ауылының сумен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстары аяқталған. Желілердің ұзындығы 24,2 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, Березовка подхозында кентішілік сумен жабдықтау желілерін және Петропавловка ауылында магистральдық желілерді салу жұмысы жүргізілуде.
– Биыл Березовка да ұзындығы 3,8 шақырым кентішілік желілер толық салынып, желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Осыған байланысты 50 тұрғын үй таза ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, Петропавловка ауылында 5,2 шақырым су құбыры салынып, қуаты 10 кВт электр беру желілерін монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын, – дейді Айдар Ибраев.
Биыл Белағаш, Бородулиха ауылдық округтерінің ауылдарында жалпы сомасы 57 млн 605 мың теңгеге спорт алаңдары, шағын футбол алаңдары салынған. Бұдан бөлек Бақы, Бородулиха, Зубаир, Новошульба, Новодворовка, Степной, Таврия ауылдық округтерінде жалпы сомасы 52 млн 54 мың теңгеге 7 балалар алаңы орнатылған. Бородулиха ауылында 28 млн 901 мың теңгеге хоккей корты салынып, саябаққа жөндеу жүргізіліп, ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке жол жасалған.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1957 бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды, бюджеттен 89 млн 622 мың теңге бөлінген. Ауданда жобалық қуаты 7250 баланы құрайтын 32 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оқушылар контингенті 5255 құрайды, оның ішінде 378 мектепалды даярлық балалары.
– Ауданымыз бойынша 2023 жылы 6 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, олар: «Абай атындағы мектеп», «Сахновка негізгі орта мектебі», «Жезкент кентінің мектеп лицейі», «Боровлянка негізгі орта мектебі», «Краснояр орта мектебі», «Орловка негізгі мектебі». Мектептердің шатырларын, терезелерін жөндеу, ауыстыру жұмыстарына 73 млн 780 мың теңге қаражат жұмсалды, – деп атап өтті аудан әкімі.
Semeynews.kz