
Шараның басты мақсаты – қордың жұмысына және проблемаларына қоғамның назарын аудару.
2013 жылғы мамырда «BI-Group» холдингінің басшысы Айдын Рахимбаев және оның жұбайының бастамасымен астанада бірінші «Ана үйі» пилоттық жобасы ашылды. Ана үйі қиын өмір жағдайына түскен жас аналардың паналайтын жері. Аналар үйі әлеуметтік жобасының идеясы қоғам арасында кеңінен таралып, Рахимбаевтар отбасына көптеген қазақстандық бизнесмендер қосылды. Олар жобаның демеушілері болды.
Сол жылдың желтоқсан айында Қазақстанның әйгілі кәсіпкерлерімен еліміздің барлық жерінде жас аналар үшін «Ана үйі» кризистік орталығын ашу бойынша бірлескен жұмыстар басталды. Сол уақытта бастама, «АНА ҮЙІ» Қоғамдық қор ретінде тіркелді. Қор әлеуметтік жетімдікті алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайту мақсатында өз қызметтерін жүргізуде.

2015 жылғы сәуірде Семейде Ана үйі ашылды. Қазіргі уақытта 5 балалы әйел адам қордың қамқорлығында.
– Біз түрлі жастағы әйелдерді қабылдаймыз. Біздің қалада кризис орталығы жоқ, біз қиын өмір жағдайына түскен әйелдерге уақытша көмек көрсетеміз. Бүгінгі шараның мақсаты – осындай жаһандық проблемаға қоғамның назарын аудару және карантинге қарамастан біз өз жұмысымызды жалғастырып жатқанымызды көрсету. Біз қазір қолдағы баласымен қиын өмір жағдайына түскен анаға көмек көрсетудеміз – дейді «Ана үйі» ҚҚ Семейдегі координаторы Айнагүл Нұртазина.
Бұл жерде оларға үй ошағының иесіне қажетті барлық дағдыларға үйретеді. Барлығын басынан бастайды. Бұл жерде жас аналар білімдерін жалғастыруға, жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік алады, және ең бастысы – жаңа туған нәрестені тастау – жағдайдан шығу болып табылмайтынын түсінеді.
Семейдегі қор жұмыс істеген уақыттан бастап омыраудағы балалары бар 200-ден астам әйелге көмек көрсетті. Қордың жұмысы жалғасуда.
Semey News