ВизитДенсаулықҚоғамСемейТОП

Қазақстан-Жапония: екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелері мен келешегі

Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығына Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырза бастаған Жапондық делегация ресми сапармен келіп қайтты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Кездесудің басты тақырыбы, 23 жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастық жөнінде болды.

Делегация құрамында атташе Комия Шимон, сондай-ақ «Шөп тамырлары» бағдарламасының үйлестірушісі Икеноуэ Ютаро да болды. Жапониядан келген әріптестердің салтанатты сапары біздің Орталықтың және Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен кездесуден басталды.

Жапондық әріптестерді Орталықтың мүмкіндіктерімен және жетістіктерімен таныстыру үшін шолу экскурсиясы да ұйымдастырылды, қонақтар радиойодпен емдеу бөлімі, радионуклидті диагностика бөлімі, зертханалар, мамандандырылған медициналық бақылау бөлімдерінде болды.

Әріптестер Жапон үкіметінің «Шөп тамыры – Корни травы» бағдарламасының арқасында адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шағын әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз көмек көрсетудің арқасында заманауи хирургиялық құрал-жабдықтармен және аспаптармен толықтырылған хирургия бөліміне де барды. Орталықтың хирургиялық бөлімінде жыл сайын бір жарым мыңға жуық операция жасалады, жаңа құрылғы операцияға кететін уақытты қысқартуға және пациентке түсетін дәрі-дәрмектік жүктемені, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Хирургиялық бөлімнің мүмкіндіктерін жаңарту, алдында айтып өткендей, бірнеше ондаған жылдар бойы дамып, нығайып келе жатқан екіжақты тиімді ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады.

Ынтымақтастық қалай құрылды, осыған дейін қандай нәтижелерге қол жеткізілді және Жапония мен Қазақстандық әріптестер серіктестігі бүгінгі күні неге бағытталғаны мәжіліс залындағы бірлесе өткізілген, кең отырыс барысында талқыланды. Әріптестер алдында сөз сөйлеген Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Татьяна Белихина Абай облысындағы онкологиялық қызмет жұмысының маңызды көрсеткіштерін айтып, аурухана қызметінің басым бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ Татьяна Ивановна жапондық әріптестермен жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларды атап өтіп, серіктестерге шынайы алғысын білдірді.

«Біздің 20 жылдан астам уақыт бұрын құрылған серіктестігіміз жыл сайын нығайып, дамып келе жатқанына қуаныштымын. Соның арқасында тиімді тәжірибе алмасуды жақсы жолға қоюға мүмкіндік беріп, қатерлі ісікпен ауыратын пациенттерге көмек көрсетуді жаңа деңгейге шығарған көптеген бірлескен жобалар сәтті іске асырылды. Біздің серіктестігіміз болашақта кеңейе түсетініне сенімдімін», – деп атап өтті Татьяна Белихина.

Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырза да ұзақ мерзімді серіктестіктің кеңейе түсетініне сенім білдірді.

«Бізді Семеймен, сондай-ақ Ядролық медицина және онкология орталығымен ұзақ жылдар бойы жемісті ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас байланыстырып келеді. Бұл серіктестіктің нәтижесі өңірдің мыңдаған тұрғындарына практикалық көмек көрсету және денсаулық сақтау сияқты маңызды саланы дамытуға үлес қосқанына өте қуаныштымыз. Баршаңызға зор денсаулық, өркендеу және сәттілік пен жетістіктер тілеймін», – деді Ямада Джун мырза.

Қорытындылай келе, жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Жапондық әріптестер бірлескен көптеген жобаларды жүзеге асырғанын, соның арқасында шетелдік әріптестермен тығыз тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғанын атап өту керек. Бірлескен зерттеулер жүргізілді, бұл онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің озық тәжірибесін енгізуге мүмкіндік берді. Ядролық қару сынақтарынан зардап шеккен тұрғындарға скринингтік тексерулер жүргізілді, соның арқасында Семейдің ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды оңалту алгоритмдері әзірленді. Жапондық әріптестер біздің Орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндіктерін нығайтуға зор көмек көрсетті. Бұған дейін заманауи рентген аппараттары, қан зерттеуіне арналған талдағыштар, материалдарды гистологиялық және цитологиялық зерттеуге арналған аппараттар, сонымен қатар пациенттерді реанимациялауға арналған құрылғылар мен хирургиялық әрекет жасауға арналған жинақтар алынған болатын.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button