ҚоғамСемейТОП

Семей қаласының әкімі әлеуметтік-экономикалық дамудың 2023 жылдың 10 айын қорытындылады

Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Абай облысының өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаланың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап, алдағы даму жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Қала басшысы атап өткендей, Семей қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады.

Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 мыңға жуықтаса, бұл салада 60 000-нан астам адам жұмыс істейді. Семей қаласында жұмыспен қамтылғандардың үлесі Абай облысы халқының 65 % құрайды. Өнеркәсіпте 36,1 %, агроөнеркәсіптік кешенде 19,1 % , саудада 9,8 %, негізгі капиталға инвестициялар көлемі 48,3 %, құрылыс жұмыстары 43,7 % ұлғайды.

Сондай-ақ, Нұрбол Нұрсағатов өз баяндамасында тұрғын үй құрылысы мен жолдардың жай-күйін ашық жеткізді.

«Биыл Семей қаласының жалпы ұзындығы 60 км болатын 54 көшесінің жүргін бөлігіне орташа жөндеу жүргізілді. Шугаев, Докучаев, Чайковский және Көшкінбаева көшелерінде жөндеу жұмыстары жиек тастарды ауыстырумен және тротуарларды орнатумен атқарылды. Асфальт төсеу жұмыстары қаланың орталық бөлігін ғана емес, шеткері аумақтардағы саяжайларды да қамтыды. Сонымен қатар, биыл Семей қаласына қарайтын ауылдарға да көңіл бөлініп отыр. 2023 жылы 3 ауылдың жалпы ұзындығы 10 км болатын кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді»,- деді Нұрбол Нұрсағатов.

Биыл 2023  жылдың қаңтар-қазан айларында  182 296 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, 2022 жылдың тиісті кезеңінен  12 921 ш. м. артты. Қазіргі уақытта қала шегінде 20 көпқабатты бюджеттік тұрғын үй және 27 коммерциялық үй салу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың соңына дейін қала шегінде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 17 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.

Нұрбол Нұрсағатовтың мәліметінше, жыл басынан бері 144 пәтер баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Жыл соңына дейін Ұшақтар көпбалалы отбасы санатында кезекте тұрған отбасыларға тағы 50 баспана беріледі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button