Абай облысыҚоғамТОП

Семейде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында екікүндік семинар-тренинг өтуде

Абай облысы қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Жанұя орталығы» ҚҚ ұйымдастыруымен 25 қараша – 10 желтоқсан аралығында жыл сайынғы «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында екікүндік семинар-тренинг өтуде, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Маңызды жиынға БҰҰ тұрмыстық зорлық-зомбылық және гендерлік сұрақтар бойынша ұлттық кеңесшісі Сағадат Сабитова, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов, Абай облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Садақбаев, жергілікті полиция қызметкерлері, қала аудан әкімдіктерінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияларының хатшылары қатысты.

Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдастырылатын әр іс-шара келешек ұрпақтың қауіпсіздігінің негізгі көзі болып табылатынын атап өтті.

  • Бүгінгі семинар-тренингте қала, аудан аумағындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түйіткілді мәселелер көтеріліп, шешім табатынына сенімім мол. Осы мақсатта 40 жылдық тәжірибесі бар арнайы маман сіздерге танымдық тәжірибесімен бөлісетін болады. Барлығы отбасыдан басталатыны баршамызға мәлім, осы тұста гендерлік теңдікті қалыптастыруда отбасы мәселесіне басымдық беруіміз абзал, – деді Арман Жемагулов.

«Жанұя орталығы»қоғамдық қорының басшысы Жанна Жибраеваның айтуынша, жиын барысында балалармен және абьюзерлермен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер жаңа дағдыларға ие болатыны сөзсіз. Сондай-ақ бұл бастамаға мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы ерекше екеніне өз ризашылығын білдірді орталық басшысы.

Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар мәселені шешу жұмыстары жалғасын таппақ.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button