Абай облысында 2027 жылға дейін 102 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған
Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Онда жалпы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгені құрайтын 102 іс-шара қарастырылған. Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 іс – шараны іске асыру жоспарланған. Тиісті жұмыстар басталды. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі мәлімдеді.
Қазіргі таңда «ARX Minerals» ЖШС Берқара кен орны базасында руда өндіру және катодты мыс өңдеу зауытын, «Muhit Agro» ЖШС тұрақты суару алаңының инфрақұрылымын, Бесқарағай ауданындағы «Мукинов» шаруа қожалығында 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын, сондай-ақ Көкпекті ауданындағы «Елімай» ЖШС-нің 1543 га алқапты суару жүйелерін салу жобасы іске асырылды. Ақсуат ауданындағы «Жансая» шаруа қожалығында 1500 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы да аяқталды.
Сондай-ақ облыста 2028 жылға қарай 8 мың жұмыс орнын құрумен 1,4 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іске асырылып жатқан жобалардың қатарында 30 жұмыс орындық «Тассай балық» ЖШС-нің балық өңдеу цехы да бар.
Жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу өнеркәсібінде тағы 4 жоба іске қосылады деп күтілген. Жобалардың жалпы құны 11,9 млрд теңгені құрайды.
Осылайша, «ПК Семей цемент зауыты» ЖШС-де тік диірмен мен үшінші цементті орау желісін, жартылай фабрикат ет өнімдерін шығаратын зауытты, «ФИК Алел» АҚ металлургиялық зауытының учаскесіне арналған көмірді десорбциялау және электролиз цехын, И.П.Зайтенов атындағы сүзбе цехын ашу жоспарланған.
Semeynews.kz