
Заңының жобасын Үкімет Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2020 жылғы 6 қаңтарда енгізді. Құжат фельдъегерлік байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді.
Биыл 19 мамырда аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Фельдъегерлік қызметті ұйымдастыратын құзырлы орган – Премьер-Министрдің кеңсесі.
Бұл қызметтің міндеті – Үкіметтің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу.
«Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталсақ, фельдъегерлік байланыстың міндеттері мен қағидаттарын заңнамалық бекітуге, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет (МФҚ) қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін айқындауға, МФҚ қызметкерлерінің құқықтық жағдайын регламенттеуге, МФҚ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін белгілеуге бағытталды», – деді депутат Берік Дүйсенбинов.
Заң жобасын қабылдау қызметтің құқықтық, ұйымдық негіздерін және МФҚ қызметкерлерінің мемлекеттік органдармен жедел өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар заң жобасын «Құқықтық актілер туралы», «Төтенше жағдай туралы», «Ішкі істер органдары туралы», «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңдарға сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді.
Сонымен қатар, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.
Semey News