ҚоғамСемейТОП

Семейде қаңғыбас ит-мысықтарға арналған жаңа орталық ашылды

Семейде «4 лапы» қорының жануарларға арналған жаңа ғимараты ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, еріктілер, зооқорғаушылар, ветеринарлар мен қала тұрғындары қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Ғимарат 350 шаршы метр аумақты алып жатыр. Орталық үй жануарларын күтіп-ұстауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен, арнайы орындармен толық қамтылған. Нысанда ит-мысықтарға ота жасайтын бөлме, оларды ұстайтын арнайы орындар, сондай-ақ жалпы ауданы 150 шаршы метрлік вольер бар.

«Жаңа ғимараттың құрылысы екі жылға созылды. Бізге облыстың жергілікті тұрғындарынан бөлек, еуропалық қор, Франция, Германия және Испанияның қайырымдылық ұйымдары қаржылай қолдау көрсетті. Жобаны іске асыру барысында, әсіресе демеушілерді табуға облыс және қала әкімі көп көмектесті. Мен өте бақыттымын, осы қаңғыбас ит-мысықтар мәселесін жою бағытында 8 жыл еңбегімнің жемісін көрдім. Сонымен қатар, бүгінде үлкен мәселені шешуге қадам жасаған біздің қала үшін алғысым шексіз», – деді қор басшысы Анастасия Глядинцева.

Айта кетсек, орталық бұралқы ит-мысықтарды зарарсыздандыру және сауықтыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Мұнда үй жануарларын емдеп қана қоймай, оларды жаңа ережеге сай сәйкестендіру үшін чиптеу процедурасы жүргізіледі.

Жаңа орталық Семей қаласы, Лесная көшесі, 50/2 мекенжайында орналасқан.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button