Абай облысыҚоғамТОП

Көкпекті ауданының дамуы тұрақты

Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Абай облысының өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндап, алдағы даму жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Аудан әкімі өз баяндамасын таза ауыз сумен қамтылу мен жолдардың жай-күйін ашық бағалаудан бастады.

Көптеген жылдар бойы орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесі кейінге қалдырылған болатын. Алайда 2023 жылы біз оңтайлы шешім қабылдап, бес елді мекенде осы мәселені шешу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырдық, – деп атап өтті Ділдәбек Оразбаев.

Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының 80%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген және тағы бес ауылда су құбырларын іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоспарлануда.Ауданның инфрақұрлымын жақсарту да негізгі басымдықтардың бірі.

  • «Паритет 50/50» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Биыл “Преображенка-Шұғылбай” жолының 11-26 шақырым учаскесін және Шәріптоғай және Толағай ауылдарына кіреберістерді қоса алғанда, жол инфрақұрылымына орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, биылғы жылы “Ауыл ел бесігі” бағдарламасы аясында ұзындығы 10,7 км болатын ішкі ауыл жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын атқардық, – деді аудан басшысы.

Д.Оразбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып, 37 жобаға 223 миллион теңге бөлінген.

  • Біздің аудан тұрғындарының осы жобаға қатысуға деген қызығушылығы бөлінген қаражаттан көп болып отыр. Сондықтан алдағы жылы осы бағдарлама бойынша қаражат көлемін көбейтсе жақсы болар еді, – деді аудан әкімі.

Ділдәбек Тәжібайұлы қаржыландыруды ұлғайтудың маңыздылығын басты назарға алып, өзінің нақты ұсыныстарын айтты.

  • Құжаттарды қабылдауды қаңтар-ақпан айларында бастап, жыл басында беру қажет. Бұл қатысушылардың маусымдық жұмысын сақтауға септігін тигізбек. Осы орайда болашақ жобаларымызды қолдау үшін қаржыландыруды ұлғайту туралы мәселе туындайды,- деді аудан басшысы.

Айта кететін жайт, ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында Көкпекті ауданында 7.7 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Әсіресе жаңа құрылыс жобаларына (80% – дан астам). Құрылыс саласы 82.9% үлесімен жетекші орынға ие, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа секторларға да айтарлықтай инвестиция тартылған.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button