Семейде ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды
Семейде ауылшаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Шараға Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен Семей қаласы мәслихатының төрағасы Данияр Шәкәрімов, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері мен ардагерлері, сала озаттары қатысты.
Жиында сөз алған Нұрбол Нұрсағатов: «Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын жандандыру біздің айрықша назарымызда. Экономиканың басты механизміне айналған ауыл шаруашылығы саласының гүлденуіне сүбелі үлес қосқан қызметкерлерге әрқашан құрметіміз ерекше. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деп ізгі ниетін білдірді.
Саланың үздік қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін шаруа қожалықтарының басшыларына және қызметкерлеріне облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың және қала әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Шығыс Қазақстан ұн-құрама жем комбинаты» АҚ бас директоры Т. Касымов, «Шығыс Бройлер» ЖШС директоры Т. Жексембаев, «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Айжан+» шаруа қожалығының жетекшісі О. Оспанов, «Турксиб-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі басшысы Б. Жусупов марапатталды.
Салтанатты шара соңы көркемөнерпаз ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, ағымдағы жылы өнім өндіру көлемі мен негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша өсім бар. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Семей қаласында 77 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, өнім нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Қалаға қарасты кәсіпорындар республикадан тыс жерлерге 73,0 мың тонна өнім экспорттады. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы негізгі көрсеткіштерді орындауға қол жеткізілді.
Semeynews.kz