Бағаны тұрақтандыру мәселесі басты назарда
Қазіргі таңда Абай облысында азық-түлік бағасын бақылау және тұрақтандыру бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынған, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Соның аясында өңір көлемінде мерзімдік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдер тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылады.
Бүгінде Ақсуат ауданында халық арасында азық-түлік бағасына қатысты жүйелі түрде бақылау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс тобы құрылды.
Айта кетсек, Ақсуат өңірінде жыл басынан бері 20 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 26,2 тонна өнім сатылған.
Қазір 1-ші сұрыпты ұннан жасалған нан бағасын тұрақтандыру үшін Ақсуат ауданында шағын наубайхана ашылып, бөлшек сауда орындарына нанды қолжетімді бағамен жеткізеді. Бұл бастама Абай облысы әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, Абай ауданында да арнайы құрылған жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері бағаны бақылау үшін осындай 390 рейд ұйымдастырылған.
Абай ауданында 1-ші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан бағасын тұрақтандыру мақсатында наубайхана иелеріне 1 қаңтарға дейін «әлеуметтік ұн» беріледі.
Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп, өнімдер нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылады.
Semeynews.kz