Абай облысының барлық мектептері бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтылған
Ағымдағы жылы Абай облысы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан 50 мектепті модернизациялау жұмыстары сәтті жүзеге асқан. Сондай-ақ биыл балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып, білім ордалары бейнебақылаумен қатар, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бұл туралы өңіріміздің басты ақпарат алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нүскенова хабарлады.
- Облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті жабдықтармен жарақтандыруға 905,2 млн. теңге бөлінді. Жалпы облыс бойынша білім беру ұйымдарында 12 357 камера орнатылған. Нақты атап өтсем, мектептерде 8882, балабақшаларда 1582, қосымша білім беру ұйымдарында 271 және колледждерде 1622 камера орнатылды. 49 мемлекеттік балабақша 100% бейнекамерамен қамтамасыз етілді. Қосымша 733 бейнекамераны сатып алуға және орнатуға 86 млн. теңге қарастырылды, – деп атап өтті Асем Нүскенова.
Барлық бейнебақылау камералары министрліктің бұйрығына сәйкес, Абай облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
- Жедел басқару орталығына облыстың 129 мектебінің 109-ы , 34 колледждің 20-сы, сондай-ақ 31 балабақшадағы бейнебақылау құралдары қосылған. Цифрлық камераларды орнатуға, оларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу шарттарын жасасу рәсімдері аяқталу сатысында, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетелік, өңірдің мектепке дейінгі ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептері министрліктің №117 бұйрығына сәйкес, 100% лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген(49 мемлекеттік балабақша және 129 мектеп).
- ҚР БҒМ № 117 бұйрығына сәйкес облысымыздағы 37 колледждің 29 колледжі лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілуі тиіс, бүгінде 23 колледж шарт жасасқан (79,3%), қалғандары шарт жасау сатысында. Жоғарыда атап өткен нұсқаулық бойынша өңірдегі білім нысандарында дабыл түймелері мен турникеттермен жабдықталуы 100% құрайды, – деп қорытындылады спикер.
Semeynews.kz