Елімізде «Сапалы өнім» жобасы іске қосылуға дайындалуда
Барлық елде тұтынушылар тауарлардың (әсіресе азық-түліктің) жарамдылық мерзімінің өтуімен қатар, басқа да мәселелерге тап болып жатады. Осы арада аталмыш жобаны іске қосу қажеттілігі айқын болмақ.
Атқарылатын іс-шаралар «тұтынушының көңіл-күйіне» тікелей әсер етпек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Асхат Сагидолдин мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
– Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың сенімі мен көңіл-күйін үнемі қадағалап отырады. Мәселен, өткен жылғы 10 мың респонденттің әлеуметтік сауалнамасының нәтижелері бойынша келесі деректерді ұсынсақ. Сауалнамаға қатысқандардың 31%-ы жарамдылық мерзімі мен азық-түлікті сақтау нормаларын бұзуға байланысты мәселелерге тап болған. Ал сауалнамаға қатысушы азаматтардың 24%-ы тауарлардың сапасына наразы. Шағымдардың көпшілігі Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында тіркелген. 19% заң бойынша талап етілетін азық-түлік туралы ақпараттың жоқтығына шағымданған. Бұл туралы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында тұратын респонденттер хабарлады, – деді Асхат Сагидолдин.
Басқарма басшысы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, мемлекеттік емес институттарға да байланысты екенін атап өтті.
– Қоғамдық бірлестіктердің қызметін салада неғұрлым тиімді интеграциялау үшін Сауда және интеграция министрлігі осы жылдың көктемінде ахуалдық штаб құрды. Оның құрамына бейінді мемлекеттік органдар, адал бизнес субъектілері және тұтынушылардан құралған қоғамдық бірлестіктері кіреді. Қос тараптың бірлескен жұмыс нәтижесіне сәйкес, импорттық өнімнің шамамен 68 түрі зерттелген. Оның ішінде 19 түрі бойынша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы нормативтердің бұзылуы анықталған. Атап айтқанда, өнімнің санитарлық–эпидемиологиялық талаптарына, көрсетілген сипаттамалар мен құрамдарына, сондай-ақ таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі сияқты бұзушылықтар тіркелді, – деп қосты Департамент басшысы.
Абай облысында аталмыш жұмыстар “Қорғаушы” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп атқарылуда. Сараптамаға импорттық өндірістің сүт өнімдері жіберіліп, сәйкес бұзушылықтар анықталған жоқ. Алда осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
– «Сапалы өнім» жария концептін іске қосу ұсынылуда. Ол үшін заңнамалық құралдар мен тетіктердің базалық жиынтығы қарастырылған. Осы функцияны пайдалану кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде жасалатын барлық әрекеттерді фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Сондықтан біз тұтынушылар мен қоғамдық институттарды өз құқықтарыңызды қорғауға шақырамыз. Бұл өркениетті нарықтық қатынастарды құрудағы шешуші бетбұрыс болмақ, – деп қорытындылады спикер.
Semeynews.kz