Абай облысының Көкпекті ауданында жаңа балабақша ашылды

Көкпекті ауданы Преображенка ауылындағы “Өрнек” жеке балабақшасында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа ғимарат ашылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
2013 жылы 40 баланы қабылдаған балабақшада бүгінде тәрбиеленушілер саны 60-қа дейін өсіп, штатта 20-дан астам маман жұмыс істейді.
️Ағымдағы жылдың көктемінде аудан әкімі Ділдабек Оразбаев Преображенка ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Халық ұсынысы әкім мен жергілікті меценат Ержан Қойгелдиннің қолдауына ие болып, осы жылдың мамыр айында нысанға қосымша ғимарат салу жұмыстары басталды.
Қазіргі уақытта барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, Преображенка ауылынан 20 бала осы мекемеде тәрбие алуда.
️Сондай-ақ, мектепке дейінгі жастағы балалардың білім алғанға қолжетімділігін қамтамасыз ету шеңберінде үш мектепте шағын орталықтар құрылған. Жыл соңына дейін Ажа және Толағай ауылдарындағы мектептерде осындай тағы екі орталық ашу жоспарланған.
️Бұдан басқа, 2024 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде құрылыс салушының қаражатына Көкпекті ауылында 240 орындық жекеменшік балабақша құрылысы басталады.
Semeynews.kz