Абай облысыБілімҚоғамТОП

Жарты ғасырдан астам ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған семейлік ұстаз Еңбек Ері атанды

Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейдің мұғалімі Алма Шүкежановаға еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Республика күніне орай осындай жоғары марапатқа ие болған ұстазды Kazinform тілшісі әңгімеге тартты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Семейдегі № 7 білім ордасының оқушылары үнемі биіктен көрініп келеді.

Себебі ондағы мұғалімдер шәкірттері қатарының алды болу үшін аянбай еңбектеніп, оларды үнемі қолдап отырады.

Сол педагогтардың ішінде Алма Шүкежанованың орны бөлек.

Оның осы жауапкершілігі мол салада маңдай терін төгіп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан.

«Математика пәнінен сабақ беремін. Жалпы жұмыс өтілім — 51 жыл. Оның ішіндегі соңғы 40 жылымды № 7 мектеп-лицейіне арнадым. Президент пен Үкімет тарапынан менің мәртебелі ұстаздық еңбегім осылай жоғары бағаланғанына дән ризамын. Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген марапат болды. Бұны өмірін балалардың білімі мен тәрбиесіне арнаған еліміздегі бүкіл ұстаздар қауымына көрсетіліп отырған құрмет деп білемін», — дейді Алма Шүкежанова.

Тәжірибесі мол ұстаз балаға қалай жол табу керектігін әбден меңгерген. Оларға тым қатал болып, жазалағаннан гөрі түсіністікпен қарап, білімге деген қызығушылығын арттыру керектігін айтты.

«Бірінші кезекте шәкірттеріммен мақтанамын. Алғашқы шәкірттерімнің бірі Мұхтар Төлеутаев „Еңбек Ері“ атанған, қазір Астана қаласының бас онкологы болып жұмыс істейді. Мектепті алтын медальмен бітірген оқушым — Арман Пәрімбеков АҚШ-тағы ақпараттық технологиялар компаниясының бас директоры. Кенжебек Өтебеков есімді шәкіртім еліміздегі құрылыс компанияларының біріне жетекшілік етеді. Андрей Вилков Германиядағы „MAN Truck & Bus SE“ компаниясында жоба менеджері. Бұл компания көлік жасаумен айналысады. Айта берсем мақтат тұтар шәкірттерім көп», — дейді мұғалім.

Ол барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.

«Әр шаңыраққа бақыт, қуаныш тілеймін. Жұмыстарыңыздың жемісін көріп, алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер. Ең бастысы, еліміз өркендей берсін!», — деді Алма Шүкежанова.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button