«Республика мақтаныштары»: Диас Сейітқалиев

Биылғы жылдың маусым айында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Азия елдерінің жас спортшыларын біріктірген грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті. Біріншілікте еліміздің намысын жерлесіміз, №8 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Диас Сейітқалиев қорғады. Жас спортшы Қазақстанды осындай маңызды жарыстарда лайықты түрде таныстырып қана қоймай, құрметті үшінші орынға ие болды.
Диастың айтуынша, ол бала кезінен грек-рим күресімен айналысады. Биыл оның спортпен шұғылданғанына он жыл толады.
«Мен он жыл бойы осы спорт түрімен айналысып келемін. Бала кезімнен спорттамын. Алдағы жоспарлар жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалу. Дайындық қазір жүріп жатыр, физикалық және техникалық тұрғыда дайындалудамын. Жақында халықаралық жиындар басталады, дайындалу керек», – дейді Диас.
Айта кетейік, бұл Диас Сейітқалиевтің жалғыз жеңісі емес. Осы жылдың наурыз айында спортшы Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орын иегері атанды.
Semeynews.kz