Семей

Нұрбол Нұрсағатов семейліктерді Республика күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шешімімен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Бұл күн – өткенімізді саралап, бүгінімізді бағалап, болашаққа батыл қадам басар ұлы күн. Әділетті Қазақстанның жаңа тарихында ұлттық мерекеміз ұлықталып, мәртебеміз өсіп, мерейіміз тасып  жатыр.

Президентіміздің бұл саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың салмағын еселеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті. Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Күні кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыруға арналған салтанатты жиында «Бүгінгі күн еліміздің ең басты мейрамы деп атап, 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнап, Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн»,- деп атап өтті. Бұдан асқан баға жоқ деп санаймын.

Қарт Ертістің екі жағын жайлаған өсиетті  ел, қасиетті жер Семей қаласы үшін бұл мерекенің мәнімен маңызы ерекше. Елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символына айналған бұл мереке – Қазақстан Республикасының әлем алдында өз еркіндігі мен бостандығын жария етіп, ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы жүзеге асқан күн.
Тарихи мән-маңызы зор, тәуелсіз еліміздің ұлық мерекесі баршаңызға игілік, бақ-дәулет, ырыс-несібе әкелсін!

Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық стратегиялық мүддесі жолында әрбіріңіздің еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаңыз сәтті болсын! Әр отбасына бақ пен береке ұяласын.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов

Осы айдарда

Back to top button