Республика күні қарсаңында Ядролық медицина орталығында жаңа фармацевтикалық препарат F18-NaF өндірісі іске қосылды

Ядролық медицина және онкология орталығы сүйек-буын жүйесін зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуде – бүгіннен бастап радиоизотоптық диагностика бөлімшесінің жұмысына сүйек метастаздарын, дегенеративті ауруларды, травматикалық өзгерістерді, қабыну процестерін, сүйектердегі қатерсіз және қатерлі өзгерістерді тиімді анықтауға мүмкіндік беретін зерттеудің заманауи және жоғары технологиялық әдісі енгізілуде. Зерттеулер біздің орталықта компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография аппараттарында натрий-фтор негізіндегі жаңа фармацевтикалық препаратты қолдану арқылы жүргізіледі. Зерттеу қаңқа сцинтиграфиясымен салыстырғанда дәлірек нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар диагностика уақыты үш еседен астам қысқарады. Бұл әсіресе ауыр ауырсыну синдромдарынан зардап шегіп ұзақ мерзімді тексерулерге шыдай алмайтын адамдар үшін өте маңызды.
Айта кету керек, зерттеуге қажетті фармапрепарат өзіміздің жабдықтарымыз арқылы өндіріледі, зерттеудің барлық кезеңдері де біздің орталықтың базасында толық жүзеге асырылады. Бұл, ядролық медицинаны дамытудың жаңа кезеңі деп айтса да артық емес, өйткені бүгінгі таңда Қазақстан бойынша біздің орталықпен қатар мұндай зерттеулер Астананың екі клиникасында ғана жүргізілуде. Біздің облыста мұндай зерттеулер алғаш рет жүргізілуде.
Дұрыс, тиімді және дәл диагноз – бұл ауруды анықтауға, емдеудің ең тиімді тактикасын анықтауға, демек, науқастың қалпына келуіне, әл-ауқатына тікелей әсер ететін негізгі элементтердің бірі. F18-NAF жаңа радиофармпрепаратын өндірудің басталуы және оның негізінде зерттеулер жүргізу ел үшін маңызды күн – республика Күнін мерекелеумен тұспа-тұс келді. Бейбіт атомның дамуы мен қолданылуы бүгінде дәл осындай маңызы зор сәт десе де болады, өйткені бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға қабілетті, еліміздің игілігіне маңызды, медицинаның дамуындағы жаңа кезең.
Semeynews.kz