Абай облысыБілімҒылымҚоғамСемейТОП

Семейде «Саяси қуғын-сүргін құрбандары және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан тарихы» кітап топтамалары таныстырылды

Абай атындағы кітапханада «Саяси қуғын-сүргін құрбандары және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан тарихы» кітаптар топтамаларының таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Кітапханашылар күні мен Республика күніне орай өткізілген шараға Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, кітапхана мен архив өкілдері қатысты.

Кітапханадағы мұрағат істерін, оның ішінде көптеген жылдар бойы жинақталған жұмыстарды зерделеу бойынша үлкен жұмыс атқарылғандығы туралы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» КММ бөлім басшысы Лаура Қабдылғазықызы атап өтті.

– Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймақтарындағы комиссиялар саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздеу үшін мұрағаттарды зерттеді. Біз барлық жағынан және көптеген аспектілерді ескере отырып, құжаттарды қарадық. Оның ішінде “құпия” деген белгімен құжаттар да болды. Бұл цифрлық технологияларды тарта отырып, біз үшін өте үлкен және маңызды жұмыс болды. Бізге көмектескендердің барлығына ризамыз, – деді Лаура Қабдылғазықызы.

Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев бүкіл Қазақстан ғалымдары мен кітапханашыларының еңбегінің жемісіне айналған барлық кітаптар кітапханаларға берілетінін атап өтті.

– Біздің іс-шара кітапханашылар күніне ғана емес, республика күніне де орайластырылған. Бүгін біз сіздердің жұмыстарыңыздың жемісін таныстырамыз. Біз кітаптарды Қазақстан халқы Ассамблеясынан алып, кітапханаларға табыстамақпыз. Мұның бәрі өте танымдық және қызықты кітаптар. Біреуі екіншісінен тақырыптық және көркемдік жағынан ерекшеленуі мүмкін, бірақ тұтастай алғанда олар белгілі бір кезеңдегі, біздің еліміздегі тұрмыс пен әлеуметтік-саяси жағдай туралы жалпы көрініс жасайды, – деді Айдар Садырбаев.

2022 жылғы 20 қазанда өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жетінші отырысының хаттамасында берілген тапсырмаларды орындау барысында «Абай облысында кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы (архивтік құжаттар жинағы)» тақырыбы бойынша 33 томнан тұратын 34 жинақ (1122 дана) жарық көрді. Бұл кітап сериясының 20-томы біздің өңір туралы.

Тарих және этнология институтынан әр жылдардағы Қазақстан тарихынан сыр шертетін 54 кітап жалпы жиыны 1500-ге жуық данамен облысымызға жеткізілді. Құрметті кітапханашылар, бүгінгі шараның мақсаты – оқырманға облысымыздың қалаларында және аудандарында орналасқан кітапханаларға кітаптар беру арқылы тарихшыларымыздың қажырлы еңбегін жеткізу, – деп қорытындылады Қоғамдық даму басқармасының басшысы.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button