«ӘМСҚ» КЕАҚ Абай облысы филиалының басшысы Бородулиха ауданында есептік кездесу өткізді
Бородулиха ауылының мәдениет үйінде Ғалымжан Әбіловтың аудан тұрғындарымен медициналық көмектің қолжетімділігі, қаржыландыру және МӘМС жүйесіне тарту мәселелері бойынша есептік кездесуі өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Кездесу барысында «ӘМСҚ» КЕАҚ облыстық филиалы басшысының баяндамасы тыңдалды. Баяндама қорытындысында Бородулиха ауданында 5 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалатыны белгілі болды.
Ғалымжан Әбілов Республика бойынша жылжымалы медициналық кешендердің жұмысының арқасында ауыл тұрғындары арасында медициналық көмекпен қамту 1.8 есеге артқанын атап өтті. Сондай-ақ, Бородулиха ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 8 айда 2.5 млрд теңге бөлінді.
«Біз білетіндей, мемлекет МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етумен қатар, 15 жеңілдікті санат үшін аударымдар жасайды. Абай облысы бойынша 350 мыңға жуық адам. Осылайша, үнемі жарна салатын әрбір адам қажетті уақытта толықтырылатын сомаға қарамастан қажетті медициналық көмекті толық көлемде ала алады. Мысалы, дербес төлеуші жылына жарналар 42 мың теңге құрайды, ал буынды ауыстыру операциясы 1.5 млрд теңгеден басталады», – деді Ғалымжан Әбілов.
Сондай-ақ, кездесуде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Селиханов, облыс ДСБ басшысының орынбасары Гүлназ Таңатарова және аудандық аурухананың бас дәрігерінің м.а. Марат Қосамбеков сөз сөйледі.
️Гүлназ Таңатарова өз баяндамасында денсаулық сақтау саласының 9 айдағы жұмысының қорытындысына тоқталды. Деректерге сүйенсек, Бородулиха аудандық ауруханасында 30 943 адам тіркелген. Медициналық ұйымның өзінде 60-тан астам дәрігер және 230-дан астам орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол Бородулиха аудандық ауруханасында медициналық жабдықтармен жарақтандыру 83.07% құрайтынын атап өтті.
Semeynews.kz