Абай облысында «Рухани келісім – татулық негізі!» атты форум өтті
Облыс аумағындағы барлық конфессия өкілдерінің басын қосқан форумға діни қызметкерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Форумның ашылуында Абай облысы әкім аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысушыларды «Рухани келісім» күнімен құттықтап, діни қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті.
Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев форум облыстағы барлық конфессия өкілдерін қамтитыны туралы хабарлады.
«Біздің облыста барлық конфессияларды білдіретін 170-тен астам діни бірлестіктер тіркелген. Олардың барлығы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға үлес қосуда. Өңірімізде діни бірлестіктер басшыларының клубы белсенді жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы діни ахуал тұрақты. Біздің міндетіміз – қалыптасқан ұлтаралық және дінаралық бірлестікті нығайтып, болашақ ұрпаққа аманат ету», – деп атап өтті Айдар Садырбаев.
Форум шеңберінде түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылып, олардың әрқайсысында жеке тақырыптар көтерілді.
Сонымен қатар, форум аясында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, қала мұражайларына экскурсиялар жасады.
Semeynews.kz