Абай облысында азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі қаралды
Облыстық Достық үйінде этномәдени бірлестік мүшелері мен жастар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департамент басшысымен кездесті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Басқосуда жалпы мемлекеттік қызметке орналасу мәселесі, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің қызметке тағайындалуы талқыланды.
Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі ерекше екенін атап өтті.
- Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделі – әлемдегі ең озық үлгілердің бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы этностардың интеграциясына, қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайтуға, елімізде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету салаларындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын қоғамда түсіндіруге және оларды іске асыру бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға бағытталған, – деді Нұржан Есенжолов.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Дәулетқалиевтің айтуынша, олардың басты міндеті – қарапайым және мемлекеттік салада алғаш бақтарын сынап жүрген азаматтардың санасын өзгерту.
- Біздің басқарма Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, түрлі этностарды мемлекеттік қызметке қабылдау бағытында нақты жұмыстар жүргізуде. Бүгінде біз мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінен ашықтық саясатын байқай аламыз. Алайда халық мемлекеттік аппаратты қоғамнан жоғары деген сенімді әлі де ұстанады, – деді департамент басшысы.
Нұрлан Дәулетқалиев жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанында атап өтті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметке саналы азаматтарды орналастыру бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Бұл саладағы заңнама жыл сайын елеулі өзгерістерге ұшырап, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған. Сіздерде барлық мүмкіндік бар деп жеке өз атымнан, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың атынан сенімді түрде айта аламын, – деді Нұрлан Дәулетқалиев.
Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемағұлов Қазақстан халқы Ассамблеясының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.
- Облысымызда Семей, Курчатов қалалары мен бірнеше ауданда Достық үйлері бар. Сондай-ақ, жастар саясаты мен жастардың бастамаларын қолдайтын «Жастар ассамблеясы» да жүйелі қызмет атқаруда. Ассамблеяның негізгі мақсаттары мен міндеттері – Мемлекет басшысының бастамалары мен идеяларын қолдау, мемлекетіміздегі түрлі этностардың бірлігін нығайту мен қоғамдық өмірге араласу, – деді Арман Жемағұлов.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Semeynews.kz