Бүгін Шәкәрім университетінде «Erasmus+ бағдарламасының ақпараттық күні» аясында Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің координаторы Лаура Палуанова және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылым және инновация проректоры Жадыра Қоңырбаева университетіміздің декандарымен, кафедра меңгерушілерімен және жас ғалымдарымен кездесті.
Кездесу барысында қатысушы қонақтар Erasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктері, стипендия мен жобалардың түрлері және өтінім толтырудың тәртібі туралы тоқталып өтті. Сондай-ақ Еуропалық одақпен қаржыланатын Қазақстандағы табысты жобалардың тәжірибесімен бөлісті.
Айта кету керек, Erasmus+ бағдарламасымен Шәкәрім университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап «Қаздуал – Қазақстанда дуалдық білім беру жүйесін енгізу» жобасын жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуда. Жобаға 4 жоғары оқу орны қатысуда. Оның ішінде Шәкәрім университеті және 2 колледж бар. Жобаның Грант-холдері – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті.
Аталған жобаны жүзеге асыру шеңберінде университетіміздің оқытушылары дуалдық білім беру жүйесін ұйымдастыру және енгізу бойынша конференциялар мен тренингтерге қатысып, олардың оқу жүйесін қолданатын көптеген еуропалық кәсіпорындарда болды. Осылайша аталған білім беру жүйесінің Германия, Австрия және Эстонияда тиімді қолданылатынын көріп қайтты.
Енді Еуропалық одақ тарапынан берілетін грант тізімінің кеңеюіне байланысты Шәкәрім университеті ғалымдарының алдында жаңа көкжиектер ашылып, сондай-ақ Erasmus+ бағдарламасы университет түлектерінің магистратура білімін еуропалық университеттерде жалғастыруларына зор мүмкіндік туғызып отыр.
Semeynews.kz