Абай облысыҚоғамТОП

Абай облысындағы жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 16 млрд теңге қарастырылған

Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ескендіров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2023 жылы аудандық, жергілікті, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

– Биыл өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстарына жалпы 16 млрд теңге бөлінген болатын. Оның 3,2 млрд теңгесі облыстық, ал 12,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылды. Облыстық маңызы бар жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын 9 учаске жөндеуден өтті. Аудандық маңызы бар ұзындығы 138,2 шақырым 25 учаске орташа жөндеуден өтті. Бұл мақсатта 5,4 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 17 жоба аяқталды. Сондай-ақ, ұзындығы 9 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жаңа қалыпқа енді. “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында 77 шақырым елді мекеншілік көше жол желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 28 жоба бойынша жұмыстар сәтті тәмамдалды. Жалпы алғанда, барлық жоба – 30 қазанға дейін іске асады, – деген жоспарымен бөлісті Нұржан Ескендіров.

Аспалы көпір жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқаруда. Толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуі шарт. Қазіргі уақытта құжаттама дайындалуда.

-Сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін келесі жылы мердігерді анықтау үшін байқаудан соң республикалық бюджеттен қаражат қарастырылатын болады, – деді Нұржан Ескендіров.
Абай облысы бойынша “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” филиалының директоры Фурхат Джулановтың айтуынша, жол жөндеушілер жолдың сапасын жақсарту үшін үнемі жаңа технологиялық әдістерді сараптап отырады.

– Жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды енгізуге тырысамыз. Осы мақсатта биыл әріптестеріміз Еуропа елдеріне іс-сапармен барып қайтты. Жолдарды жөндеу сапасын арттыру бойынша Қытай елімен тәжірибе алмасуға меморандумға қол қойылды. Асфальтты жөндеу кезінде қолданылатын барлық материалдарға мониторинг жүргізетін портал бар, – деді Фурхат Джуланов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button