
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір бедеулік диагнозы бар 15 мың ерлі-зайыптыларды есепке алынған.
Бұл жағдайда көмек көрсету мақсатында «Аңсаған Сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып, қазірдің өзінде 20 мыңнан астам әйел ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) қызметін пайдаланды.
«Біздің елімізде ЭКҰ процедурасы міндетті медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылады. Сәйкесінше, бағдарламаға қатысу үшін сіз сақтандырылған болуыңыз керек. Қордың мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шамамен 5 млрд теңгенің 4 мыңнан астам экстракорпоралды ұрықтандыру қызметі істелінген. Ал Абай облысында, 2023 жылға 239 квота бөлініп, оның 208-і игерілді», – дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов.
Жасанды ұрықтандыру 18-ден 42 жасқа дейін қолжетімді. Біріншіден, бала сүйгісі келген ерлі-зайыптылар репродуктологпен кеңес алуға тырысуы керек. Оған бағытын клиникасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерулерден кейін, егер пациенттердің ЭКҰ-ға көрсеткіштері сәйкес келсе, олар құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссияның шешімі оң болса, ерлі-зайыптылар кезекке тұрады.
МӘМС аясында жылына бір рет ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады. Егер сәтсіз болса, келесі жылы кезекке қайта тұруға болады.
«Қазіргі уақытта елде 19 ЭКҰ клиникасы медициналық сақтандыру бойынша жұмыс істейді (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік). Емделуші емхананы қордың fms.kz ресми сайтына кіріп, «Науқас үшін» бөліміне өту арқылы таңдай алады. Одан кейін «Емхананы таңдау» бөліміне өтіп, «ЭКҰ қызметін ұсынатын медициналық ұйымдардың тізімін» таңдау керек. Жүктелген файлда емханалар тізімін, олардың мекенжайлары мен телефондарын таба аласыз», – деп қосты Ғалымжан Әбілов
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Аңсаған Сәби» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері көптен күткен 5 мың сәби дүниеге келген.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында міндетті медициналық сақтандыру арқылы бір адамға орта есеппен 1 млн теңгені құрайды.
Репродуктолог мамандардың айтуынша, оның 600 мың теңгесі гормондық препараттарға жұмсалады. Тағы 200-300 мың теңге шығын материалдарын өтейді. Расында, құны кейде 1 миллион теңгеден асатын бағдарлама әр отбасының қолынан келе бермейді. Сонымен қатар, ЭКҰ әдісіне қайта-қайта жүгінетін отбасылар бар. Енді бұл шығындарды міндетті медициналық сақтандыру аясында Қор өз мойнына алып отыр.
Егер сізде қосымша сұрақтар туындаса немесе көмек алуда қиындықтар болса, емделушілерге қызмет көрсету орталығына хабарласуға болады. Егер жағдайды орнында шешу мүмкін болмаса, Сіз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтінішті өзіңізге ыңғайлы байланыс арналары арқылы жібере аласыз: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты немесе Telegram-дағы @SaqtandyrýBot.
Semeynews.kz