ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жеке мүлікті көпқабатты үйлердің дәлізінде, ойын алаңдарында, және өзге де қоғамдық орындарда қараусыз қалдыру, аталған қылмыстың орын алуына негізгі себеп болып отыр. Мысал келтіретін болсақ, 2 мамыр күні белгісіз тұлға қала көшелерінің бірінен жасырын түрде «Centurion М-2» спорттық велосипедін қолды қылған. Аталған құқық бұзушылыққа қатысты қабылданған шаралар барысында, «Бас бостандығын шектеу» категориясы бойынша есепте тұрған, бұрын сотты болған 22 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны ұсталды.
Осыған ұқсас тағы бір қылмыс ағымдағы жылдың 7 мамырында тіркелген. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, бұрын сотталмаған 53-жастағы қала тұрғыны ұсталып, ұрланған зат иесіне қайтарылды.
Аталған қылмыстың ізін кесу мақсатында ШҚО ПД қылмыстың алдын алу бойынша іс шараларды жиі өткізіп тұрады. Қоғамдық орындарда және көпқабатты үйлерде жеке мүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы буклеттер таратылды.
Қараусыз қалдырылған мүлік қылмыскерлер үшін оңай олжа болып табылады және қылмыс жасауға итермелейді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ШҚО ПД жеке мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүлікті, оның ішінде велосипедтерді қараусыз қалдырмауды азаматтарға ескертеді.
Semey News