Үндістанда “қара зең” жұқтырған мыңдаған адам көзінен айырылды – БАҚ
Үндістанда дәрігерлер коронавирус салдарынан "қара зең" (мукормикоз) жұқтырған мыңдаған адамның бір немесе екі көзін де алып тастауға мәжбүр болды. Бұл процедура зең ауруын жұқтырғандардың шамамен 60 пайызына, яғни басым бөлігіне жасалған. Бұл туралы ұлыбританиялық Daily Star басылымы жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Біз мұны барлық тінімен, тамырымен жоймасақ, инфекция миға шауып кетуі мүмкін. Ол кезде біз олардың өмірін сақтап қала алмаймыз”, – деді дәрігер Акшай Наир.
Дәрігер Мурарджи Гаддждың айтуынша, “қара зеңнің” кесірінен тіпті 20 жастағы науқастардың да көзін алып тастауға тура келіп жатыр.
Бұл дерт басталар кезде алдымен мұрыннан су ағу, беттің аздап ұйып қалуы, көздің ісінуі немесе бастың ауруы байқалады, сондықтан, оны жұқтырғандар дәрігерге тым кеш барады.
Биліктің мәліметтері бойынша, Үндістанда “қара зең” жұқтырғандар саны 9 мыңға жуықтаған. Жұқтырғандардың басым бөлігі Гуджарат штатында (2 281 адам). Сонымен қатар, инфекция ошағы Махараштра, Андхра-Прадеш және Телангана штаттарында да бар.
Мукормикоз – зең ауруы. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол коронавирустың қосалқы әсерінен пайда болып жатыр.
Semey News