Абай облысыҚоғамСемейСпортТОП

Абай гарнизонында спортшыларға құрмет көрсетілді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметшілері  халықаралық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген болатын, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Орал қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында 98 келіден асатын салмақ дәрежесінде 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы аға лейтенант Талғат Әміренов бірінші орынға ие болса, 63310 әскери бөлімінің есептоп  командирі сержант Диас Құрықбаев 71 келі салмақ дәрежесінде күміс медальді місе тұтты.

Он сегіз елдің құрыш білектілері бас қосқан тартысты бәсекеден олжалы оралған әскери қызметшілерді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құттықтаған болатын. Сондай-ақ Өзбекстанда гір спортынан өткен  халықаралық чемпионатта  10810 әскери бөлімінің взвод командирі 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев пен 10810 әскери бөлімінің аға  маман-шебері 3-сыныпты сержант Тілеужан Жанабеков бірінші орынды қанжығаларына байлады. Ал 02352 әскери бөлімінің бөлімше командирі сержант Берік Қазрытканов екінші орынға ие болды.

Байрақты бәсекеде бағы жанған әскери қызметшілерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев құттықтады. Ол әрбір спортшыға жылы лебізін жолдап,  он бес күнге демалыс жариялады. Ал спортшылар болса берілген демалысты барынша  нәтижелі пайдаланып, алда өтетін жарыстарға дайындық жаттығуларына  жұмсамақ.

  • Қарсыластарым осал болмады. Барлығы да әккі балуандар. Дегенмен мен бұл сайыста әскер спортының қандай деңгейде екендігін көрсеткім келді. Жалпы мен алты жасымнан бастап спортпен айналысамын. Менің мақсатым –  елімнің көк байрағын биіктен желбірету. Осы мақсатыма қолдау танытқан жандарға айтар алғысым шексіз, – дейді 27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы аға лейтенант Талғат Әміренов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button