Абай облысыҚоғамСемейСпортТОП

Семейде спорттық және жауынгерлік самбодан ҚР Ұлттық ұланның чемпионаты өтті

5511 әскери бөлімінде спорттық және жауынгерлік самбодан үш күндік Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының чемпионаты аяқталды. Жарысқа арнайы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов арнайы келді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Бұл жарыс 2016 жылғы 5 маусымда лаңкестік шабуыл кезінде әскери борышын адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан әскери қызметкерлердің еске алу рухына арналған. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 4 өңірлік қолбасшылықтан, Ұлттық ұлан Академиясынан және тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден келген 70-ге жуық спортшылар қатысты.

Абай облысының орталығы Семей қаласында дәстүрлі спорттық және жауынгерлік самбодан үш күндік Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының чемпионаты тартысты өтті. Жарыс 2016 жылғы 5 маусымда бір топ қарулы лаңкестер Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкеніне және 6655 әскери бөлімінің әскери қалашығына шабуыл жасаған кезінде әскери борышын адал атқарып, шабуылды тойтару кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің еске алу рухына арналған. Сайыс басталмас бұрын қатысушылар мен қонақтар Қазақстан Республикасының әнұранын шырқады. Бұдан кейін қаза тапқан ұландықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты шарада сөз алған Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, қатысушыларды чемпионаттың басталуымен құттықтады:

  • Спорттық және жауынгерлік самбо біздің өңірде, Семей қаласында қарқынды дамуда. Біздің спортшылар республикалық, халықаралық бәсекелерде топ жарып, біздің мерейімізді асқақтатуда. Жалпы, Ұлттық Ұланның сарбаздарына ел ішіндегі тыныштық жүктеліп, мол сенім артылуда. Сондықтан Ұлттық ұлан сарбаздары білікті, жүректі, батыл болуы керек. Осындай іс-шараның жоғарғы деңгейде өтетініне сенімдіміз. Мықтылар жеңіп, әділ сайыс болсын- деді Айдын Кәрімов.

Жарысқа «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, қаласындағы 5573 әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан академиясының алты командасы, 70-ге жуық спортшы бақ сынады. Әскери қызметкерлер 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың екеуі жауынгерлік самбодан, қалған алтауы спорттық. Жас ерекшелігі шектелмеген. Ұлттық ұланның қатардағы сарбазынан бастап, сержанттар мен офицерлерге дейін өзара мықтыны анықтады.

  • Самбо күресі мен жауынгерлік самбо күресінен қазіргі іріктеу жарысы тартысты өтті. Бұл іріктеу жарысымыз Семейден жеңімпаз жауынгерлерімізді, сайыскерлерімізді қараша айында Ақтау қаласында өтетін ҚР Ішкі Істер министрлігінің кубогына іріктеп аламыз. Абай облысында өтіп жатқан жарысты жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкіміне, қала әкімдеріне ризашылығымды білдіремін-деді Ұлттық ұланның дене дайындығы және спорт бөлімі бастығы полковник Сәтжан Әбішев.

Самбо күресі рухты, әрі намысты жастарымызды батырлық пен қайсарлыққа, өжеттілікке баулиды. Барлығының діттегені бір – ол жеңіске жетіп, Ұлттық ұлан чемпионы атану. Қатысушылардың барлығы чемпионатқа сақадай сай дайындалып келген.

  • Жалпы жарысқа деген дайындығымыз өте жоғары. Себебі, біз үшін әскери бөлімдер «Шығыс»  барынша өздерінің қолдауын көрсетіп, бүкіл жаттығуларды барлығын өте жоғарғы дәрежедегі бапкерлермен бізді дайындады. Өзім сайыстан тек жеңіс күтемін. Барынша тырысып, біздің «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы тек қана бірінші орында болсын деген іштей ниеттемін. Ал, қарсыластарыма тек қана сәттілік, жеңіс тілеймін, – дейді “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы құрамасы мүшесі, кіші сержант Ерсін Қалымов.
  • Жекпе жек өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұлттық ұланның барлық өңірлігінен өзімізбен бірге күресіп жүрген мықты палуандар келген. Ешқайсысы осал емес.Әр жекпе-жек қиын болады, оңай айқас болмайды. Сондықтан барлық жекпе-жекте іштей өзімізді рухтандырып, күресеміз,-дейді “Батыс” өңірлік қолбасшылығынан қатысқан Еламан Қойшыбаев.

Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды, Жоғарғы Бас қолбасшының кубогын «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының (Орал) командасы жеңіп алды, жүлделі екінші орынды 5573 әскери бөлімі (Астана) өңірлік қолбасшылығы иеленді және құрметті үшінші орынды «Оңтүстік» өңірліқ қолбасшылығының (Алматы) командасы міссе тұтты.

Марапаттау рәсімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың атынан кубоктарды, медальдар, грамоталар және жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды табыстады.

Айта кетерлігі, іріктеу сайысынан өткендер қараша айында Ақтау қаласында өтетін Ішкі Істер министрлігінің кубогына жолдама алады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button