Бүгінгі таңда жаңадан құрылған Абай облысы, оның ішінде Семей қаласында футболды дамыту бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Қайтадан жаңғырған «Елімай» футбол клубы бірінші лига сапында ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарын шаң қаптырып келеді. Осы уақытқа дейін 20-ға жуық матч өткізген «Елімай» бірінші лига ойындарында бірде-бір рет жеңіліс таппаған. Бұл жетістіктің аймақтағы теңбіл доп бәсекесін дамытуға ықпалы зор.
«Спартак» стадионында өткен жиынға облыстық футбол федерациясы атқарушы комитет мүшелері, Семей қаласының ФФ мүшелері, футбол ардагерлері қатысты.
Жиын барысында Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитет мүшелігіне сайланған Асқар Ұранхаев өңірде жаңа өзгерістер болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, аймақтағы футболшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілердің, футбол алаңдарының базасы мен өңірде футболды дамытудың жоспары әзірленеді. Сондай-ақ, аталмыш саланы дамытудағы барлық пікірлер ескерілетін болады.
Абай облысы атқарушы комитет мүшелігін алғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына өз алғысын білдірді.