Тегін білімнің кілті – әскерде
Әскер қатарында болу – білімге бастар жолды ашық та жарқын етпек. Әсіресе, әскерде жоғары нәтиже көрсеткендер тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Бұл үшін әскери борышын өтеген азамат «әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасында еніп, өзі қалаған университетті таңдайды. Әскери бөлімде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, сонымен қатар әскери тәртіпте озат атанған Диас Нұртаев биылдан бастап Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің студентіне айналып отыр. Тегін білім алатын ол дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау мамандығын таңдапты. Спортқа жаны құмар жігіттің бала кезден армандаған мамандығы да осы екен.
- Мен ҰБТ сынағына қатыспастан оқуға түстім. Әрине, менің қуанышымда шек жоқ. Ата-анам да мұндай мүмкіндіктің пайда болғанын құба-құп қолдауда. Көңілге қаяу салары тек шәкіртақының болмауы ғана. Егер шәкіртақы мәселесі де өз шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің студенті Диас Нұртаев.
Аягөз қаласы Шынқожа батыр ауылының тумасы балғын шағынан шымыр да шапшаңдықа бейім боп өскен. Аудан көлемінде қазақ күресінен өткен сайыстарда үзеңгілестеріне дес бермеген көрінеді. Ал былтыр Астана қаласында орналасқан 68665 әскери бөлімінде қоян-қолтық жекпе-жектен бірқатар жарыста сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болыпты. Күні кеше ғана қоян-қолтық жекпе-жектен спорт шеберіне үміткер атанған жас жігіт Шавкат Рахмоновты үлгі тұтатындығын ашып айтты.
- Мен де Шавкат Рахмоновтай шаршы топта ел намысын қорғайтын спортшы болғым келеді. Жоғары оқу орынын тәмамдаған соң жеке спорттық клуб ашып, жаттықтырушы болу жоспарым да бар. Әзірше, төрт жылдық оқуымды сәтті аяқтау басты мақсат. Осы орайда әскери қызметін өткергендерге ерекше назар аударып, тегін білім алуға еселі үлес қосып, «әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасын құрастырған Қорғаныс министрлігіне айтар алғысым шексіз. Себебі спорт пен білімді қатар алу – менің өмірлік ұстанымым, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің студенті Диас Нұртаев.
Еске салайық, Қорғаныс министрлігі алдағы уақытта әскерден кейін сарбаздарды жұмысқа орналастыру үшін ірі кәсіпорындармен келісім жасауды өз жоспарларына енгізіп отыр.
Semeynews.kz