Абай облысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан өрт сөндірушіге мемориалдық тақта орнатылды
Жарма ауданының Әуезов кентінде қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан Айдос Тоғызбаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев батырлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» ордені Мемлекеттік наградасымен марапатталған.
Ескерткіш тақтаны ашу құқығы Айдостың әкесі Ерұлан Шаяхметұлы Тоғызбаевқа және Абай облысы ТЖ Департаментінің бастығы Манарбек Шапағатовқа берілді.
Жиналғандар марқұмды бір минуттық үнсіздікте еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
– Айдос Тоғызбаев жас қызметкерлер мен өскелең ұрпақ үшін батылдық пен табандылықтың үлгісі болып қалатыны анық. Сол бір қайғылы күні Айдос өз ісіне деген адалдығының арқасында ерлік пен кәсібилік көрсетіп, күрделі әрі қауіпті жағдайда сабырлық таныта білген. Айдосты есте сақтап, құрметтеу және өскелең ұрпақты осындай батылдық үлгісімен тәрбиелеу біздің міндетіміз, – деді Манарбек Шапағатов.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 7 қыркүйекте Абай облысы, Жарма ауданы, Божүгір ауылдық округіндегі Бірінші ауыл учаскесінде болған табиғи өртті сөндіру кезінде Әуезов кенті №14 өрт сөндіру бөлімінің №22 өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқан болатын.
Semeynews.kz