Сот жүйесінің және сот төрелігіне қолжетімділіктің тиімділігін арттыру
Дүниежүзілік сот қоғамдастығының делегациясы Абай облысында өткен судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің ІІІ халықаралық форумына қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Биыл форум «Процессуалдық құқық: түсіндіру, қолдану тәжірибесі және жетілдіру мәселелері» тақырыбына арналды.
Шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысып, Тәуелсіздік алғалы бері сот реформасын жүзеге асыру егемен Қазақстанның қалыптасу жолындағы басты басымдылықтың бірі ретінде айқындалғанын атап өтті.
«Жеті жарғыны» құруға қатысып, қазақтың үш биіне ақыл айтқан, әйгілі Әнет баба, әділдігімен аты шыққан Ақтайлақ би, Әбілпейіз сұлтан мен Би-Боранбай, Құнанбай қажы мен Тана мырзалар сол тарихтың өшпес тұлғалары болып санамызда сақталды. Хакім Абайдың өзін ақындық пен кемел ой, қара сөздің төңірегінде қарау таршылық етеді. Қарамола сиезінде Ереже қабылдап, өзі айтқан «ел бағу» ісіне араласуды, біз, ақынның әділдік жолындағы тағдыршешті қадамдарының бірі деп, жоғары бағалаймыз! Осынау дәстүр, кейін Әлихандар бастаған «Алаш» қозғалысында жалғасын тапты. Демек, Семей – жаңғырған Абай елі – заң үстемдігін жүргізудің «заңды» мұрагері ретінде, бүгінгідей маңызды басқосуларды өткізуге толық құқылы!», – деді аймақ басшысы.
Форумның пікірталас алаңында сот-құқықтық реформа шеңберінде сот төрелігі мен құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыру, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы заңнаманы жетілдіру, сот ісін жүргізуде IT технологияларды қолдану және соттар мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан судьялары мен ғалымдары сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру кезінде нақты ұсыныстар жасап, қылмыстық сот ісін жүргізуде бәсекелестік пен тең құқықтарды дамыту, азаматтық және қылмыстық істерде кассациялық сатыларға қолжетімділікті арттыру мәселелерін талқылады.
Сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылып, цифрландыруды дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Осыған орай, жасанды интеллект және роботтандыру элементтері бар «Сот тәжірибесінің цифрлық аналитикасы» ІТ сервисін енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, судьялардың жауапкершілігін арттырды. Бұл соттарға толығымен қашықтан жұмыс форматына көшуге мүмкіндік берді.
Semeynews.kz