Семейде жалақы ала алмай отырған машина жасау зауыты қызметкерлерінің мәселесі шешілді

Семейде жалақы ала алмай отырған «Семей машина жасау зауыты» АҚ қызметкерлерінің мәселесі шешілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы әкімдігінде «Әлеуметтік әріптестік, еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу» жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Оның бірі – «Семей машина жасау зауыты» АҚ және «Теплокоммунэнерго» МКК қызметкерлерінің жалақы берешегін өтеу.
«Бүгінде «Семей машина жасау зауыты» АҚ жалақы берешегін өтеу мақсатында санатор «Oljakol» ЖШС мен қызметкерлердің өкілі арасында меморандум жасалып, 2023 жылғы 13 қыркүйекке дейін толық төлеу кестесі жасалған. Жиында кәсіпорынның жаңа басшылары барлық берешекті уақытында жабатынын жеткізді», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Теплокоммунэнерго» МКК-нің еңбек ұжымы алдында шілде айына берешегі бар. Талдау көрсеткендей, жыл сайын жаз кезінде кәсіпорында жалақыдан берешек пайда болады. Қазір қызметкерлердің жалақысын төлеу жолдары қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ жиында «SHARCEM» ЖШС және «КАZ Minerals Aktogay» ЖШС-де жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру, шетелдік жұмысшылар мен қазақстандық жұмысшылардың арасында айырмашылықты болдырмау және жалақыны көтеру жайы сөз етілді.
«SHARCEM» ЖШС кәсіпорны қызметкерлерінің жалақыны көтеру туралы талабына қатысты жағдайды реттеу үшін компания басшылығы, Жарма ауданының әкімі және аудан прокуроры ұжыммен кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде жұмыс беруші 200 қызметкердің жалақысын көтеру туралы шешім қабылдады. Жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында кәсіпорын асханасы мен жатақханасын жөндеп, осы айда аяқтауды жоспарлап отыр.
«Аягөз, Жарма ауданының әкімдері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп «KAZ Minerals Aktogay», «SHARCEM» кәсіпорнындағы бос жұмыс орындарына бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруды қарастырсын», – деді аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Ақтоғай және Қопа ауылы тұрғандарын жұмыспен қамту мақсатында «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС кәсіпорны өз қаражатына жаңа мамандықты меңгеруге немесе қайта даярлаудан өтуді ұйымдастырып жатыр. Бүгінде Семей қаласындағы Электротехникалық колледжімен келісіп, 3 айлық қысқа курстар ашты. Бірінше кезекте 15 адамды оқытып, бағдарлама нәтижесін берсе, оқытатын адам санын көбейту көзделуде.
Semeynews.kz