Ауызсумен әр ауыл қамтылуы қажет
Абай облысында әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Жиында облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі қаралды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті өңірде үш ай бойы 8 аудандағы 166 су құрылыстарын тексерген.
«Бұл мәселенің өте өзекті, әрі маңызды екені баршаңызға мәлім. Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы мәселе бойынша тақырыптық мониторинг жүргізіп, өте тыңғылықты шаруа атқарды. Нұрлан Сұлтанұлы өзі бас болып, ауылдық елді мекендерді аралап, халықпен көзбе-көз кездесулер өткізді», – деп атап өтті аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Отырыста агенттік өкілдері жүзеге асырылған жобаларда кемшіліктер барын баяндады. Өз кезегінде облыстық Бақылау басқармасы құрылыс заңнамасының талаптарын бұзған жобаларға жауапты лауазымды тұлғалар, мердігерлер жауапқа тартылғанын, кейбір компаниялар жекелеген бағыттар бойынша лицензиясынан айырылғанын жеткізді. Бұдан бөлек, ведомствоаралық комиссияның отырысында жекелеген жобаларқа қатысты сараптамалық құжаттар заң аясында шешімдер қабылдану үшін құқық қорғау органдарға жіберілетін болады.
Отырыс барысында Үржар, Көкпекті, Ақсуат, Бесқарағай аудандарының әкімдері елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы кедергілерді жою жұмыстарын жайында баяндады.
Бүгінде Үржар ауданыда Көкөзек, Елтай, Сағат ауылында су құбырлары мердігер мекеме кепілдік мерзіміне сәйкес ақауларды жою жұмыстарын бастады. Мақаншы ауылындағы су құбырын мердігер мекеменің күшімен су құбыры бөлігінде қайта жөндеу жұмыстарын атқарып жатыр. Бүгінгі күнге барлығы 55 көшенің 18 көшесінде толығымен су бар. Барлық жұмыстар осы айдың аяғына дейін аяқтап нысанды іске қосады.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев 3 күн ішінде отырыста айтылған барлық өзекті мәселелерді қамтыған протокол қабылдап, нақты шешім шығару үшін құзырлы органдарға жіберуді тапсырды.
Semeynews.kz