Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында үлкен саяси өзгерістер туралы жариялады. Бұл пікірді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Себебі елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін болмайтын еді.
Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда.
Бұл құжат демократияны нығайтудың жаңа кезеңі және көппартиялықты дамыту мен бәсекелі сайлауды өткізу жолындағы алғашқы қадам болды», – деді Үкімет басшысы.
Ол Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде Ұлттық құрылтай құрылғанын еске салды.
«Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәртібі заңнама деңгейінде реттелді.
Алғаш рет заң жүзінде сыбайлас жемқорлық қылмыс орын алған мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі бекітілді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Ол азаматтар мен бизнестің мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді.
Заң жүзінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі артып, қылмыстық процесте тараптардың сайыскерлігі және теңдігі қамтамасыз етілді.
Алғаш рет мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне арналған бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институты енгізілгенін атап өтті. Оның аясында 1576 ауыл әкімі сайланды.
«Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізу арқылы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге түпкілікті тыйым салынды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Үкімет «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірледі. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін арттырады», – деді ол.
Semeynews.kz