Абай облысының полицейлері мен еріктілері жоғалған екі қызды тапты
Телефон үшін ұрысып қалды: жоғалған екі қызды Абай облысының полицейлері мен еріктілері тапты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы ПД бапсасөз қызметінің хабарлауынша, 30 тамызда сағат 19:00-де полицияға облыс орталығының 30 жастағы тұрғыны хабарласып, үйдің ауласында бірге ойнап жүрген 10 және 8 жас аралығындағы балалары жоғалып кеткенін хабарлайды.
“Дабыл” сигналы бойынша қыздарды іздеуге Абай облысы Полиция департаментінің барлық жеке құрамы көтерілді.
Полицейлерге “volontery_semey_lider.kz” еріктілері, қыздардың оқытушылары, сондай-ақ әлеуметтік желілерде болған оқиға туралы құлақтанып, оған бей-жай қарамайтын азаматтар қосылды.
Балалардың орналасқан жерлерінің барлық нұсқалары пысықталды.
Тәртіп сақшылары еріктілермен бірге жақын маңдағы аудандар мен жеке сектор көшелерін қарады.
Сағат 22:30-да еріктілермен азаматтар байланысқа шығып, апалы-сіңілілерді басқа ауданнан байқап қалғандарын айтып, олардың орналасқан жерлері туралы хабарлайды. Бірлескен жұмыстың арқасында қыздар үйлеріне аман-есен оралды.
Абай облысы Полиция департаменті барлық бей-жай қарамаған азаматтарға, әсіресе еріктілерге үлкен алғысын білдіреді.
“Бірлескен күш-жігердің арқасында біз балаларды тірі және аман-есен таба алдық. Бұл, әрине, үлкен бақыт. Мен ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды сұрағым келеді, себебі орны толмас жағдай орын алуы да мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі-бұл әрбір ересек адамның міндеті және оған күн сайын жауапкершілікпен қарау керек”, – деп атап өтті ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Берік Амангелді.
Semeynews.kz