Абай облысында жасөспірім қыз нөмірсіз мотоцикл жүргізген
Абай облысында нөмірсіз мотоцикл жүргізген жасөспірім қыздың ата-анасына 120 мың теңге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданының учаскелік инспекторы патрульдеу барысында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз мотоциклді тоқтатты.
«Тексеру кезінде мотоциклдің руліндегі қыздың кәмелет жасына толмағаны, көлік құралын басқаруға құқығының жоқтығы анықталды. Сонымен қатар оның басында шлемі де болмаған. Жасөспірім қыз жасаған құқық бұзушылықтары үшін оның ата-анасы бірден бірнеше бап бойынша жауапқа тартылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК 590-бабының 2-бөлігі (көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін), 612-бабының 2-бөлігі (құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқарғаны), 593-бабының 2-бөлігі (қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін).
Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 35 АЕК (120 750 теңге).
Semeynews.kz