ДенсаулықҚазақстанҚоғамТОП

Анықталған кемшіліктердің 89%-ы медициналық көмек көлемін негізсіз асыруға байланысты

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірінші жартыжылдықта медициналық қызмет сапасына жүргізілген мониторинг қорытындысымен бөлісті. Мониторинг барысында республикадағы анықталған кемшіліктің 89%-ы медициналық көмек көлемін негізсіз асыра бағалаумен байланысты екені анықталды. Әсіресе мұндай ақаулар консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетуде жиі кездеседі.

Еске салсақ, Қор сарапшылары келісім міндеттемелері шеңберінде ТМККК және МӘМС аясында жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерінің сапасы мен көлемдеріне ұдайы мониторинг жасайды. Шара барысында медициналық көмек көрсету стандарттарынан, клиникалық хаттамалардан және басқа да нормативтерден кемшілік жіберілгені анықталса, медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары салынады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы екені көпшілікке мәлім. Қор медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан кезде тапсырыс беруші әрі төлеуші болса, медициналық ұйым өз кезегінде осы медициналық қызметтерді ұсынады.

2023 жылдың 6 айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 1,15 млн астам кемшілік анықталды. Айыпақы сомасын қоса алғанда, оларға жалпы 8,8 млрд теңгеге экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Анықталған кемшіліктер бойынша Ақтөбе облысы (9,5%), Шымкент қаласы (8,6%) және Қызылорда облысының медициналық ұйымдары көш бастап тұр.

Анықталған жағдайлардың 89%-ы (998,6 мың кемшілік) көрсетілген медициналық көмек пен қызметтер көлемін негізсіз асыруға байланысты болып отыр. Ал 8%-ы (89 мың) денсаулық сақтау және клиникалық хаттамалар аясында емдеу-диагностикалық іс-шаралардан, стандарттардан, ережелерден негізсіз ауытқығаны анықталды. Ал 7,8 мыңнан астамын (2%) көрсетілмеген медициналық көмекті көрсетілді деп жазған жалған ақпарат құрады.

Медициналық көмек түрлері ішінен жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультативтік-диагностикалық қызметтер бойынша кемшіліктер басым (1,03 млн кемшілік немесе 92%). Стационарлық көмек нысанында мамандандырылған медициналық көмек 4%-ды (47,3 мың кемшілік), ал ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек бойынша 2%-ды (21 мың кемшілік) құрайды.

Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары: fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegramдағы SaqtandyryBot және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button