ШҚО-да Алакөл кәсіпкерлеріне жаңа туристік маусымда короновирус жағдайында жұмыс істеу форматын түсіндірді
Алакөл көлі жағалауында туризмді дамыту жөніндегі тұрақты кешенді жұмыс тобы кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – короновирус пандемиясы жағдайында туристік кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс форматын нақтылау, деп хабарлайды Semey News.

Жиналысқа 30-ға жуық демалыс үйлерінің иелері мен олардың өкілдері қатысты. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың ақпараты бойынша, облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының жобасы шеңберінде, ағымдағы туристік маусымда өз қызметтерін қайта жандандыру үшін кәсіпкерлерге Info.Kazakhstan сайтынан электронды форматта санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай екені туралы актіні, жергілікті мониторингтік топтан нысанның дайындығы туралы актіні алулары қажет, «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы келушілерді қабылдауды ұйымдастырулары керек. Бизнес субъектілері аталған бастаманы толықтай қолдады.
Сонымен қатар, кездесу барысында кәсіпкерлерге жағалаудың көлікке қол жетімділігін қамтамасыз ету айтылды.
- Үржар ауылындағы әуежайдың қайта құруға жабылуына байланысты, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей қалалары бағытындағы теміржол маршруттарында вагондар саны көбейтілді. Барлығы 3330 орынға арналған 69 вагон қызмет көрсетеді. Аптасына үш рет жүреді. Сонымен қоса, автобустар саны екі есеге артты. Жаз маусымында, күнделікті 768 орынға арналған 16 автобус жұмыс істейді. Көлік қатынастарын ұлғайту мәселелері сұраныс артқан кезде қарастырылатын болады, – деп көрсетті Марат Қабақов.
Жұмыс тобының мүшелері кәсіпкерлермен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін, экологиялық бұзылуларды алдын алудың маңыздылығын, жер қатынастары заңнамасы және табиғатты пайдалануды, өрт қауіпсіздігі ережелерін, қоғамдық тәртіпті сақтауды талқылады, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары, салық заңнамасын сақтау, ашық бизнес жүргізу туралы түсіндірме берді.
Semey News